ЖАНУАРДЫҢ ТІРШІЛІГІ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК.
ЖАНУАР АҒЗАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ.
ТІРІ АҒЗАЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫНА ТӘН ОРТАҚ БЕЛГІ
Жануарлар өсімдіктерден тек өздеріне ғана тән, елеулі ерекшеліктері бойынша ажыратылады. Сондай ерекшеліктердің ең негізгілері мыналар:
Жануарлар дайын органикалық заттармен қоректенеді, яғни олар өз ағзасына қажетті қоректік заттарды – нәруызды (белокты), көмірсуды, май тәрізді заттарды өсімдіктен алады.
Жануарлар белсенді қозғалады: көпшілігі бір жерден екінші жерге орын ауыстырады (отырықшылары да бар). Мысалы, қанқыз бүгін бір жерден көрінсе, ертеңіне дәл сол жерден көрінбейді, себебі, ол бір орында тұрмайды, жорғалап не ұшып кетеді.
Өсімдік бір орында өседі. Оның тұқымдары ғана басқа жерлерге әр түрлі жолдармен орын ауыстырып таралады.
Жануарлардың көпшілігінде ас қорытуды, тыныс алуды, зәр шығаруды қамтамасыз ететін және сыртқы ортамен қарым-қатынасты жүзеге асыруды реттейтін арнайы мүшелері, мүшелер жүйесі болады.
Көптеген жануарлардың денесі екі жақты симметриялы болып келеді: дененің оң және сол жағындағы мүшелері жұп және бірдей қызмет атқарады.
Мұндай жануарлар алға, жан-жаққа жеңіл, еркін қозғалады. Қорегін ұстайтын, жауына шабуыл жасайтын, немесе олардан қорғанатын, айналаны бағдарлайтын негізгі мүшелері дененің алдыңғы бөлімінде орналасады. Жануарлар жауынан қалай құтылатынын өздерің әңгімелеп, талқылаңдар. Өмірден білетін мысалдарды келтіріңдер.
Аз қозғалатын жануарлардың дене пішіні жұлдыз немесе шатыр, немесе өсімдік гүлі тәрізді болады. Мысалы, теңіз жұлдызының денесі сәулелі симметриялы: денесінің дәл ортасынан әр тармағына ойша сызық жүргізсе денесі бірдей бес бөлімге бөлінеді, әр бөлімдегі сәйкес мүшелер белгілі бір қызмет атқарады . Денесінің сәулелі симметриялы болуы баяу қозғалатын немесе су түбіндегі қатты нәрселерге жабысып тұратын жануарлардың өзіне қажетті қорегін, қай жағынан келсе де, сезініп, белсенді түрде ұстауына, немесе қауіпті жау болса, одан қорғануына мүмкіндік береді.
ЖАНУАРЛАРДЫҢ ТІРШІЛІК ОРТАСЫ ЖӘНЕ МЕКЕН ОРТАСЫ
Жер ғаламшарында тірі ағзалар, олардың ішінде жануарлар үш түрлі ортада тіршілік етеді. Сулы ортада, мысалы, балықтар, киттер, т. б.; құрлық-ауада – өрмекшілер, бунақденелілер, құстар, аңдар; топырақта – құрттардың кейбір түрлері (шұбалшаңдар), кейбір аңдар (мысалы, көртышқан) тіршілік етеді. Жануарлардың паразит түрлері үшін басқа жануарлар мен адам денесі тіршілік ортасы болып саналады. Мысалы, паразит құрттар мен кенелер жануарлардың денесінде (сыртқы, ішкі мүшелерінде) тіршілік етеді. Күйкентай орманды дала аймағында кездеседі (тіршілік ортасы). Бірақ орманға кірмейді; ашық, ағаштары сирек өскен жерлерді мекендейді. Ондай жерлер дала тышқандарын аулауға, ағаш басына ұя салуға қолайлы.
Өз тіршілігінде бір ортада ғана емес, екі түрлі ортада тіршілік ететін жануарлар да бар. Мысалы, безгек масасы, бақалар – суда да, құрлықта да; ал дала тышқандары топырақта да, жер үсті-ауа ортасында да тіршілік етеді. Іркінді суы бар батпақты жер безгек масасының мекен ортасы, мұнда оның көбеюіне қолайлы жағдайлар бар.
Жануарлар тіршілік ортасындағы өзінің тіршілік етуіне қолайлы жағдайлары бар нақтылы үлескілерді мекендейді. Олар қоныстанған осындай нақтылы бір үлескіні сол жануарлардың мекен ортасы дейді.
Мысалы, ормандағы қарағай, шырша көбірек өсетін аймақтары тиіннің мекен ортасы болады. Бұл мекенде тиіннің сүйікті азығы – бүр жеткілікті, саңырауқұлақ та көп; тоңса – паналайтын, қорықса – тығылатын, ағаш діңіндегі қуыстар – баспана болып табылады.
Әрбір мекен ортаны жануарлардың көптеген түрлері қоныстанады.
ЖАНУАРЛАРДЫҢ МЕКЕН ОРТАСЫНА БЕЙІМДЕЛУІ
Барлық жануарлардың мекен ортасында қалыпты тіршілік етуіне мүмкіндік беретін, біртіндеп қалыптасып орныққан бейімділіктері болады. Мысалы, дүниетану пәнінен өздеріңе таныс көбелектердің бүркеніш реңі, қанқыздың сақтандырғыш реңі – олардың тіршілігін сақтайтын бейімділіктері.
Орта жағдайларына бейімделу жануарлардың құрылысынан да, тіршілік әрекетінен де анық көрінеді. Мысалы, жауы құйрығынан ұстағанда сұр кесірткенің құйрығы үзіліп қалады. Шоршып, жыбырлап жатқан құйрыққа жауы алданып, қайта ұмтылғанша кесіртке жасырынып та үлгіреді, әрі оның құйрығы біраз күнде қайта өсіп, қалыптасады.
Сол сияқты, тоқылдақтың үлкен басы, өткір, қашау тәрізді мықты тұмсығы ағаш діңін ұрғылап, қалың қабықтың астындағы зиянды бунақденелілердің (насекомдардың) дернәсілдерін тілімен алып жеуге бейімделген.
Жануарлар құрылысының мекен ортасы мен тіршілік әрекетіне сәйкес келетіндігі сонша, кейбіреуінің сыртқы түріне, бейнесіне қарап-ақ оның қандай ортада тіршілік ететінін, немен қоректенетінін, қалай қозғалатынын бірден біле аламыз.
БІРЖАСУШАЛЫЛАРДЫҢ ТАБИҒАТТАҒЫ ЖӘНЕ АДАМ ӨМІРІНДЕГІ МАҢЫЗЫ
Еркін жүріп тіршілік ететін біржасушалылардың табиғатта және адам өмірінде зор маңызы бар. Біржасушалылардың көп түрлері бактериялармен қоректеніп, суды тазартады. Өздері тұщы су шаяндарына, ұсақшаяндарға және балықтар мен шабақтарға, т. б. су жәндіктеріне қорек болады.
Ал теңіздер мен мұхиттарда күн сайын, тіпті сағат сайын қаншама бақалшақты біржасушалы жәндіктер өліп, су түбіндегі шөгіндіні құрайды десеңдерші. Геологтар ондай шөгінділер бар жерлерде мұнайдың мол қоры болатынын анықтады. Біржасушалылардың топырақ түзуде де рөлі бар.
Қарапайымдардың ішінде адам мен жануарлардың әр түрлі мүшелерінде паразиттік тіршілік етіп, түрлі ауру тудыратындары да көп. Солардың бірі – дизентерия амебасы
Дизентерия амебасы (грекше: «дис» – бұзу, «ектерон» – ішек) адам мен жануарлардың ішегінде тіршілік етіп, ішектің сілемейлі қабықшасын зақымдайды. Осы жарадан шыққан қанды ірің нәжіске араласып, адамның ішін жүргізіп, ыстығын көтеріп, қатты ауыртады. Бұл ауру қантышқақ деп аталады. Ауру адамның ішегінде амеба тез көбейіп, нәжіспен араласқандары бірден цистаға айналады. Тәулігіне нәжіспен бірге 300 млн-дай амеба цистасы сыртқа шығады. Олар суды, түрлі көкөністерді және тағы басқа азық-түліктерді (цисталардың қалай таралатынын еске түсіріңдер) ластайды. Дизентерия амебасының цисталары лас суды ішкеннен, көкөністі, жеміс-жидекті жумай жегеннен сау адамға жұғады. Дер кезінде емделмесе, бұл ауруды ажалға душар етуі мүмкін
Безгек паразиті адамның қанына безгек масасының сілекейімен түседі де, қанда бөліну жолымен көбейеді. Олардың көбеюінен қанға улы заттар бөлінеді. Безгек ауруын қоздыратын паразитті 1880 жылы француз дәрігері А. Лаверан ашқан. Бұл паразит негізінен қанның қызыл түйіршіктерінде тіршілік етеді. Безгек паразиті қанның бір қызыл түйіршігінен екіншісіне ауысқан кезде ауру ұстайды. Олар түйіршіктің ішінде болған кезде адам тәуірленіп, жұмысын одан әрі жалғастырады. 3-4 күн ішінде паразиттер орныққан қан түйіршігін зақымдап бүлдіреді де, оның қабығын жарып, келесі түйіршікке ауысады. Дәл осы сәтте безгек қайта ұстайды.
1960 жылдары безгек ауруын емдейтін хинин, акрихин дәрілері жасалды. Одан соң осы ауруды тарататын безгек масаларын құрту шаралары жүргізілді. Олар қыстайтын жерлерге, гексахлоран сияқты улы химикаттарды шашу, масалар тіршілік ететін батпақтарды құрғату, шағын бөгеттерде маса дернәсілдерімен (личинка) қоректенетін гамбузия балықтарын өсіру сияқты шаралардың арқасында елімізде безгек ауруының өріс алуына кедергі жасалуда.
Адамды тері ауруына ұшырататын талшықтылар тобының бір өкілі – лейшмания. Бұл ауруды көбінесе құм шіркейлері таратады. Аурудың аты – лейшманиоз.
Еліміздің шөл аймақтарында үлкен құмтышқан мекендейді. Осы тышқанның інінде ұсақ шіркейлер көп болады. Шіркей адам терісін шаққанда ауру сол жер арқылы тері астына түсіп, одан әрі көбейеді. Әуелі теріде бөрткен пайда болады да, ол біртіндеп жаңғақтай боп үлкейеді. Біраздан соң жарылып, іріңдейді. Бұл аурудан адам да көп зардап шегеді. «Тері лейшманиозы» деп аталатын бұл дерт дер кезінде емделмесе асқынып кетеді.
Паразиттік тіршілік ететін біржасушалылардың ішінде адамда, жануарларда қауіпті аурулар туғызатындары көп. Оларды жұқтырмау үшін ең бастысы тазалықты сақтау керек. Ол үшін үйді, төсек-орын, киімді, ыдыс-аяқты, азық-түлікті таза ұстап, қолды жуғаннан кейін ғана тамақ ішкен жөн. Паразиттік тіршілік ететін, ауру тудыратын қарапайымдардың көбейіп, таралуына мүмкіндік беретін табиғи ошақтарды үнемі құртып отыру керек.
БІРЖАСУШАЛЫ ЖӘНДІКТЕР
Денесі цитоплазмадан, бір немесе бірнеше ядродан (опалина) тұратын өте ұсақ жәндіктер қарапайым жәндіктер типіне жатқызылады. Олардың табиғатта 70 мыңға жуық түрі бар деп есептеледі.
Қарапайым жануарларда ішкі қаңқа және омыртқа жотасы болмайды. Сондықтан бұларды жәндіктер тобына жатқызамыз. Біржасушалы жәндіктердің құрылысы өте қарапайым. Олар жалғанаяқтың, талшықтың, кірпікшелердің жәрдемімен қозғалады. Тұщы және тұзды суларда, топырақта, адам мен жануарлар денесінде паразиттік жолмен тіршілік ететін қарапайымдар да бар. Құрылысы қарапайым болса да бұл жәндіктер зат алмастырады, қоректенеді, тыныс алады, қажетсіз заттарды бөледі. Сондай-ақ ол көбейеді, өседі, қозғалады және тіршілігін жояды. Демек бұл – дербес әрекет ететін жасуша – тірі ағза. Көпжасушалы жәндіктердің әрбір жасушасы бірігіп, топтасады. Сөйтіп өз алдына әр түрлі қызмет атқарады. Ал біржасушалы жәндіктердің бір өзі ғана барлық жүйелердің қызметін әмбебап атқарады.
Қарапайымдар санының көп болуы және кең таралуы табиғатта маңызды рөл атқарады. Бұлар бактериялар мен біржасушалы балдырларды және жәндіктерді қорек етеді. Ал өздері көптеген жәндіктер мен жануарларға жем болады. Қарапайым жәндіктердің ауыл шаруашылығында және адам денсаулығын сақтауда маңызы зор. Жер бетінде ағзалық заттардың, тірі ағзалардың пайда болуы мен дамуы проблемасын шешуде біржасушалы жәндіктерге ерекше назар аударылады. Қарапайымдардың шоғырланып тіршілік ететін түрлері де бар. Солардың түрлерін зерттеп білу нәтижесінде көпжасушалы жәндіктердің пайда болу жолдарын айқынырақ түсіндіре аламыз.
Қарапайым жәндіктер қозғалу тәсілі мен көбею ерекшеліктеріне байланысты 7 класқа бөлінеді. Біз көбінесе солардың 4 класын қарастырамыз. Олар: саркодиналар, талшықтылар, кірпікшелілер және споралылар класы. Грекше берілген «саркос» сөзі «плазма» дегенді білдіреді. («Плазма» дегеніміз қоймалжың сұйықтық немесе жасуша ішіндегі цитоплазма.) Сондықтан біз саркодиналар класы «плазмалылар» деп атаймыз. Бұл класқа жататын жәндіктер теңізде, тұщы суда тіршілік етеді. (амеба) Олардың паразиттік жолмен тіршілік ететін де түрлері (дизентерия амебасы) бар. Кейбіреуі тіпті батпақты жерлер мен топырақта да тіршілік ете алады. Плазмалылардың дене пішіні тұрақты емес. Жалған аяқтарын дененің кез келген жерінен созып шығарады. Сондықтан оларды «тамыраяқтылар» деп те атайды. Плазмалыларға жататын кейбір ағзалардың денесін әктен түзілген сыртқы қаңқа қаптайды. Олардың дене пішіні өзгермей сақталады. Суреттегі сәулелі өрмекаяқ, қошқармүйіз көпірме және шұрықденелі бунақай – дене пішіндері тұрақты жәндіктер.
Қарапайымдардың талшықтылар және кірпікшелілер типіне жататын кейбір өкілдерімен бұрыннан таныссыңдар. Кірпікшелі кебісше, домаланғы, эвглена тіршілігін еске түсіріңдер. Талшықтылар да, кірпікшелілер де дене пішіні тұрақты ағзалар. Олардың дене пішінін сақтауға пелликула жәрдемдеседі. Пелликула дегеніміз – көптеген қарапайым жәндіктердің денесін қаптайтын жұқа, иілгіш қорғаныш қабат.
ЖАЛҒАНАЯҚТЫЛАР КЛАСЫ
Жалғанаяқтылар – көпшілігі теңізде, тұщы суда, кейбіреуі топырақта, мүк арасында тіршілік ететін, белгілі дене дене пішіні сақталмайтын біржасушалы жәндіктер. Бұлардың денесін плазманелла деп аталатын қарапайым цитоплазмалы жарғақша қаптайды. Жалғанаяқтылар класында 11000-нан астам түр бар деп есептеледі.
АМЕБАЛАР. ҚАРАПАЙЫМ АМЕБАЛАР.
Тұщы суда, батпақты жердегі мүктер арасында тіршілік ететін амебалар жалаңаш амеба және бақалшақты амеба түрінде кездеседі. Амебалардың түрлері өте көп, тек теңізде ғана тіршілік ететін, қайырылған теңіз түбіндегі қалдықтар мен жыныстар арасынан бақалшақтары құрылысқа пайдаланылатын, диаметрі 0,1 мм-ден 20 сантиметрге дейін жететін ерекше бақалшақты шұрықденелілерді кездестіруге болады. Жалаңаш амебалар, бақалшақьы амебалар және теңіз тамыраяқтылар класына жатқызылады. Бұлардың дене пішіні, құрылысы, тіршілік әрекетінде өзгерістер болғанмен, негізгі белгілері ортақ болғандықтан, жалғанаяқтылар класына топтастырылады. Біз осы кластың өкілі, кез келген тоқтау суларда кездесетін қарапайым амебамен танысамыз.
Қарапайым амебаның тіршілігі, сыртқы құрылысы және қозғалуы. Бұл – жалаңаш амебалардың едәуір ірі денелі түрі, оның дене мөлшері мм-дің 1/5-3/4 бөлігіндей болады. Қарапайым амебаның негізгі мекені – су өсімдіктерінің шіріген жапырағы мен органикалық заттары мол суқойма түбіндегі тұнба. Оның тұрақты пішіні болмайды, денесі қоймалжың цитоплазмадан және кішкене ядродан құралған біржасушалы біртұтас тірі шырыштан құралады. Денесінің мөлшері өте кішкене болғандықтан, қарапайым амебаның құрылысы тек микроскоппен ғана анық көрінеді. Біржасушаның ішіндегі цитоплазма үнемі қозғалыста болады. Цитоплазманың қозғалу әсерінен амебаның денесінде ең алдымен томпақ пайда болып, ол бірте-бірте созылады да, жалғанаяққа айналады. Амеба жалғанаяқтары арқылы бір жерден екінші жерге жайлап қозғала алады. Жалғанаяқтар өсімдіктің тамыры тәрізді болғандықтан, амебаша қозғала алатын біржасушалы жәндіктерді кейде тамыраяқтылар деп те атайды. «Амеба» гректің сөзі, қазақша баламасы – «өзгергіш» деген мағына береді. Жалғанаяқтар дененің әр жерінен пайда болып, қайтадан жойылып тұратындықтан, амебаның дене пішіні үнемі өзгеріп отырады.
Қоректенуі. Амеба денесінің кез келген жерінен пайда болатын жалғанаяқтарымен тек қозғалыр қоймай, қорегін (ұсақ балдырлар, бактериялар) де қармайды. Қорек денеге тиген кезде цитоплазма өсінділері оны екі жағынан орап алады. Цитоплазмадан сұйықтық тамшылары – асқорыту сөлі бөлініп, қоректің түйірі орналасқан жерде вакуоль пайда болады. Вакольдің ішіндегі асқорыту сөлі қоректі ерітіп, денеге сіңіреді де, оның қорытылмай қалған бөлігі дененің кез келген жерінен сыртқа шығарылады. Сол кезде асқорыту вакуолі жойылып кетеді.
Тыныс алуы. Амеба суда еріген оттегімен бүкіл денесі арқылы тыныс алады. Цитоплазмаға сіңген оттегі ондағы қоректік заттарды өте қарапайым заттарға айырып, тотықтырады да, суға амеба денесіндегі көмірқышқыл газы бөлініп шығады. Амеба денесіндегі тотығу нәтижесінде ағзаға қажетті, оның тіршілік әрекетіне қажетті энергия бөлінеді. Денедегі заттардың тотығуы да жануға ұқсас, бірақ одан айырмашылығы: жылу мен жарықты жалын ретінде бөлмейді.
Зәр шығаруы. Зат алмасу туралы ұғым. Амебаның арнаулы зәр шығару мүшесі жоқ. Тіршілік әрекеті кезінде цитоплазмада әр түрлі зиянды заттар да ериді. Ол зиянды заттар амебаның бүкіл денесі арқылы сумен бірге цитоплазмаға түседі. Зиянды заттар ерітіндісінен цитоплазмада көпіршік – жиырылғыш вакуоль пайда болады. Микроскоп арқылы зер сала қарасаңдар, жиырылғыш вакуольдің 1-5 минут сайын бірде үлкейіп, бірде кішірейіп тұрғанын байқайсыңдар. Амеба вакуольге жиналған зиянды ерітіндісін көпіршікті жиыру арқылы мезгілімен сыртқа шығарып отырады. Сөйтіп жиырылғыш вакуоль амебаның денесіндегі суды, сонымен бірге ерімей қалған қоректік зиянды заттарды дененің кез келген жерінен сыртқа шығарып, цитоплазманы уланудан сақтайды, яғни зәр шығарады. Суда еріген оттегінің амеба денесінде тотығуы, оттегінің зиянды заттарға дейін қоректі тотықтыруы химиялық өзгеріс болып табылады. Ағзадағы барлық зат атаулылардың және энергияның өзгеруі, яғни химиялық реакцияның жиынтығы зат алмасу деп аталады. Табиғаттағы кез келген тіршілік иесі өз денесінде және айналадағы ортада зат алмасу құбылысы тежелсе, одан әрі тіршілік ете алмайды. Зат алмасу арқылы қоректік заттар ыдырап, энергияға айналады да, бейорганикалық заттардың қосылыстары жинақталған кезде басқа заттар түзілу арқылы жасушаның әрекеті күшейе түседі.
Көбеюі. Амебалардың көпшілігі жыныссыз жолмен көбейеді.Жыныссыз көбею амеба денесінің тең бөлінуі арқылы өтеді. Бұл кезде алдымен амебаның ядросы екіге бөлініп, денесі созылады да, жаңа пайда болған бір-бір ядромен екі жаққа ажырайды. Пайда болған екі жасушаның – екі жас амебаның біреуінде ғана бұрынғы жиырылғыш вакуоль сақталады, екіншісінде ондай вакуоль жаңадан түзіледі. Сөйтіп, амеба бөліну арқылы көбейеді.
Циста түзуі. «Циста» грекше «кистис», яғни «қаптама» дегенді білдіретін сөз. Қолайсыз жағдайға тап болған кезде амебаның денесі жұмырланып, сыртын қалың тығыз қабат қаптайды да, қоректенуін тоқтатады. Осындай тығыз қабықша циста деп аталады. Цисталанған амеба суқойманың суы суалса да, айналадағы температура күрт өзгерсе де төзеді. Цистадағы амеба жел арқылы басқа суқоймаларға оңай таралады.
ЖАЛҒАНАЯҚТЫЛАР КЛАСЫНА ЖАТАТЫН ЖӘНДІКТЕРДІҢ НЕГІЗГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Жалғанаяқтылар класына жататын жәндіктер теңізде және тұщы суларда, кейбір түрлері паразит ретінде еркін тіршілік етеді. Топырақта, сондай-ақ батпақты жердегі мүк арасында мекендейтін түрлері де бар. Олардың денесі бр ғана жасушадан тұрады.
Жасушасы қабықшасыз болғандықтан, жалғанаяқтылардың денесінде тұрақты пішін болмайды. Электрондық микроскоппен ғана көрінетін өте жұқа жарғақша немесе плазмалемма жасуша ішіндегі цитоплазма қозғалысынан бірде созылып, бірде қайтадан қалпына келіп, жалған аяқтар түзеді. Амебалар осы жалған аяқтарымен жүреді және қорегін аулайды.
Кейбір жалғанаяқтылардың әктен түзілген ішкі қаңқасы, сондай-ақ денесін қаптайтын бақалшақтары болады.
Жалғанаяқтылар бактериялармен, балдырлармен және әр түрлі қарапайым жәндіктермен қоректенеді. Оларда асқорыту және зәр шығару вакуольдері болады. Жалғанаяқтылар тыныс алады, тітіркенеді және бөліну арқылы жыныссыз жолмен көбейеді.
ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСЫ
БОДО – БІРЖАСУШАЛЫ, ТАЛШЫҚТЫ ЖӘНДІК
Бодо – талшықты ағзалар типінің өкілі. Бұл – талшықтарының жәрдемімен қозғалатын біржасушалы жәндік. Талшықты жәндіктердің бірнеше отрядтары бар
Сендер біржасушалы өсімдік – хламидомонаданы оқып-таныстың дар. Оның құрылысын еске түсіріп көріңдерші: ол – бодо пішінді, екі талшықты, бір жасушалы балдыр. Хламидомонада өсімдікше қоректенеді, денесінде фотосинтез жүретін органоиды – жасыл түсті хроматофоры бар. Сондықтан оның түсі жасыл. Ал бодо даяр ағзалық заттарды – бактерияларды, ұсақ ағзаларды қорегіне жаратады. Бодо көмірқышқыл газ, су және минералды тұздарды синтездей алмайды. Сондықтан онда хлоропластар болмайды. Сөйтіп бұлар тірі табиғаттың екі түрлі дүниесіне жатады. Хламидомонада – өсімдіктер дүниесінің, бодо – жануарлар дүниесінің өкілі
Бодоның мекен ету ортасы, құрылысы, қозғалуы және тіршілік әрекеті. Өте ластанған суда өзге ұсақ ағзалармен бірге, тұрқы 10–20 мкм, қарапайым жәндік – бодо да тіршілік етеді. Өте ұсақ болғандықтан, бодоны микроскоп арқылы көре аламыз. Бодоның ішкі құрылысын электронды микроскоп пен зерттейді. Оның денесін плазмалы жарғақша қаптайды. Жарғақша цитоплазманы қаптайтын икемді пелликуламен астарланады. Сондықтан бодо пішінін әр түрлі қалыпқа өзгерте алады. Дене пішінінің өзгеруіне жарғақша мен пелликуладағы тілкемшелер, талшықтар және цитоплазмадағы жиырылғыш талшықтар әсер етеді. Бодоның ядросы бар. Ядро цитоплазмадан қабықшасы арқылы бөлініп тұрады. Бодо денесінің құрылымын, өзге де түрлі жағдаяттарды ядро реттейді. Бодо цитоплазмасында денені қуатпен қамтамасыз ететін органоид – митохондрия бар. Митохондрия атауын 1897 ж неміс ғалымы Карл Бендос ұсынған.
Бодо денесінің алдыңғы жағынан бірі ұзын, бірі қысқа екі талшық көрінеді). Алға созылған талшық тез ширатылып бұралған кезде бодоның денесі өз осінен айналады. Сөйтіп талшықтар суға бұрғыша бұралып, бодоны алға тартады. Бодо талшық қимылының жәрдемімен жайлап қозғалады. Артқа қараған талшық бодоның алға қозғалуына бұлқын (руль) тәрізді бағыт береді. Талшықтар қозғалысының әсерінен судағы ұсақ ағзалар бодоның аузына қарай ағылады. Бодоның аузы талшықтар түбінде орналасады. Ауыздың төңірегінде ас қорытатын вакуоль түзіледі. Вакуольге түскен қорек асқорыту сөлінің әсерінен қорытылып, цитоплазмаға өтеді. Қорек цитоплазмада зат алмасу кезінде бодо денесін құрастыруға жұмсалады. Қорытылмай қалған қажетсіз заттар бодоның аузы арқылы сыртқа шығарылады. Қажетсіз заттардың бөлінуіне дененің алдыңғы жағындағы жиырылғыш вакуоль қатысады.
Бодо суда еріген оттегімен тыныс алады. Оттегінің денеге таралуы бодоның бүкіл денесі арқылы осмостық жолмен реттеледі. Бодо денесіндегі цитоплазма оттегінің әсеріне күрделі заттарды қарапайым заттарға ыдыратады. Соның нәтижесінде бодоның тіршілік әрекетіне қажетті энергия түзіледі.
Бодо денесінің алдыңғы жағында бір ядро болады. Қолайлы жағдай болғанда ядро бөліне бастайды. Бұл – жыныссыз көбеюдің бастамасы. Жасуша ядросында тұқым қуалау қасиетін анықтайтын хромосомалар (грекше «хромо» – түс + «сома» – дене) болады. «Хромосома» терминін 1888 ж неміс ғалымы Вильгельм Вальдейер ұсынды. Бодо жыныссыз жолмен көбейген кезде ядродағы хромосомалар саны екі еселенеді. Сөйтіп бөлінген әрбір ядрода хромосоманың бастапқы саны сақталады. Бодо жасушасы ұзынынан бойлай екіге бөлінеді. Бөліну барысында ядро және жасушадағы барлық тірі заттар жаңадан түзілетін жасушаларға тең бөлініп таралады. Бұл үрдіс күрделі бөліну – «митоз» (грекше «митос» – жіп) деп аталады. Сөйтіп күрделі бөліну – жасушалар мен біржасушалылардың маңызды қасиеті. Күрделі бөлінуде аналық жасуша мен біржасушалы ағзаның хромосома заттары пайда болатын екі жасушаларға бірдей бөлініп таралады.
ЖАСЫЛ ЭВГЛЕНА - ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСЫНЫҢ ӨКІЛІ
Ботаниктер балдырлар бөліміне, ал зоологтар қарапайым жәндіктерге жатқызатын, өсімдік пен жануарлардың туыстығына айқын дәлел бола алатын біржасушалы жәндік - жасыл эвглена. Бұлардың 900-ге тарта түрі белгілі, бұрынғы КСРО-да 430 түрі мекендейді. Кейбір түрлері осмостық қысым және фототәсілмен қоректенетіндіктен, жасыл эвглена қарапайымдар класына жатады.
Жасыл эвгленаның тіршілігі, сыртқы құрылысы және қозғалуы. Дене тұрқы 4-500 микро миллмметрден аспайтын жасыл эвгленаны органикалық заттары мол тұщы суқоймалардан, жағаға жақын су түбінен жиі кездестіруге болады. Эвгленаның пішіні сүйір жапыраққа ұқсас, денесінің алдыңғы жағы доғалдау, артқы жағы сүйірлеу келеді. Амеба тәрізді эвгленаның денесінде де нақтылы қабыршақ болмайды, дегенмен цитоплазмасы дене пішінін сақтайтын тығыздау келген сыртқы қабатпен қапталады. Сондықтан эвгленаның дене пішіні өзгермейді. Біржасушалы эвглена денесінің алдыңғы жағынан ойыс байқалады. Бұл – эвгленаның жұтқыншағы. Жұтқыншақта жіп тәрізді талшық орналасады. Талшық – цитоплазманың созындысы, эвгленаның қозғалу мүшесі. Эвгленаның алдыңғы жағындағы талшық ширатылып, тарқалғанда және толқындана иілген кезде жәндік доғал жағымен алға қарай жылжиды.
Қоректенуі. Микроскоппен қарағанда эвгленаның жасушасынан көптеген жасыл тақташаларды – хлоропластарды көруге болады. Бұл 20 шақты тақташаларда хлорофилл болғандықтан, эвглена өсімдіктер тәрізді жарықта денесіне органикалық заттарды фотосинтез тәсілімен жинақтайды. Цитоплазмаға жинақталған кенеулі заттарды эвглена ашыққан кезде қорегіне пайдаланады. Бұл – эвгленаның жасыл өсімдіктер тәрізді қоректенуі. Ал денесінде жасыл тақташалар болмаған кезде (әсіресе қараңғы кезде) эвгленалар жануарлар тәрізді қоректенеді, яғңи органикалық заттарды денесіне сіңіреді. Бұл кезде эвгленаға судағы шіріген органикалық заттардың ерітіндісі қорек болады. Денесінде болатын жасыл тақташалар эвгленаны жасыл етіп көрсетеді, сондықтан жәндік жасыл эвглена деп аталады.
Жасыл эвглена судағы шіріген органикалық заттардың ерітіндісімен қоректенетіндіктен, су тазартқыш жәндік болып табылады.
Тыныс алуы және зәр шығаруы. Жасыл эвглена амеба тәрізді тыныс алып, зәр шығарады. Зиянды заттар ерітіндісі дененің алдыңғы жағындағы жиырылғыш вакуольге жиналып, кейін сыртқа шығарылады.
Жарықты сезуі. Жасыл эвглена жарық әсерін сезе алады. Оның жарық сезу қызметін атқаратын қызыл көзшесі дененің алдыңғы жағында, жиырылғыш вакуольдің қасында, талшықтың түбін ала жатады. Жасыл эвгленалар әрқашан жарығы мол жаққа көбірек жиналады.
Көбеюі. Жасыл эвглена жыныссыз жолмен, бөліну арқылы көбейеді. Ең алдымен денесінің артқы жағына қарай орналасқан ядросы бунақталып, болашақтағы жас эвгленаның алдыңғы бөлігінде жаңадан талшық пайда болады.. Бұдан соң эвгленада екі жұтқыншақ түзіліп, жиырылғыш вакуольдің екі ажырағаны және ядро пайда болғаны байқалады. Эвглена басқы бөлігінен дененің соңғы жағына қарай біртіндеп екіге ажырап, денені ұзынынан бойлай екіге бөлінеді. Көбею кезінде эвгленаның денесіндегі жасыл тақташалар да екі еселенеді. Сөйтіп, алғашқы бір эвгленадан жаңа екі жас эвгленалар айда болады.
Циста түзуі. Басқа қарапайым жәндіктер тәрізді, эвглена да температура кенет өзгергенде, ылғал жетіспей қалған кезде, жалпы қолайсыз жағдайларда тыныштық сатысына көшіп, денесінің алдыңғы жағындағы талшығын түсіреді де, тығыз қорғаныш қабықшаға оралып, домаланады. Сөйтіп, эвглена қолайсыз жағдайды осы күйінде циста ішінде өткізеді. Қолайлы жағдай болған кезде эвгленалар қайтадан тіршілігін бастап, цистадан шығады.
ТАЛШЫҚТЫЛАР КЛАСЫНА ЖАТАТЫН ЖӘНДІКТЕРДІҢ НЕГІЗГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Талшықтылар класына жататын жәндіктердің денесінде бір немесе бірнеше талшықтары болады және денесі бір ғана жасушадан тұрады.
Талшықтылардың денесі көпіршік тәрізді бір ядросы бар цитоплазмадан құралады. Цитоплазманың сыртқы қабаты мөлдір және тығыз, сондықтан талшықтылардың дене пішіні өзгермей, тұрақты болады. Цитоплазманың ішкі қабаты кенеулі заттардан түзілген түйіршіктерге және жасыл тақташаларға толып тұрады.
Талшықтылар фотосинтез тәсілімен, қысым арқылы жәнепаразиттік жолмен өсімдік тәрізді және жануар тәрізді тәсілмен қоректенеді.
Талшықтылар жарықты сезеді, арнаулы көзшесі болады. Жыныссыз жолмен бөліну арқылы көбейеді. Талшығы арқылы қозғалады, амеба тәрізді тыныс алып, зәр шығарады, циста түзеді.
Талшықтылардың топтасып тіршілік ететін түрлері (домаланғы) де бар.
КІРПІКШЕЛІЛЕР КЛАСЫ
Дене пішіні алуан түрлі, тұщы немесе тұзды суларда мекендейтін, денесінде кірпікшелер болатын, мөлшері 10 микромиллиметрден 3 миллиметрге дейін жететін едәуір күрделі құрылысты бір жасушалы қарапайым жәндіктер кірпікшелілер класына жатқызылады. Бұлар еркін де қозғалады, кейбіреуі «отырықшылықпен» тіршілік етеді. Кірпікшелі жәндіктердің 1100-ден астам түрі бар деп есептелінеді.
КІРПІКШЕЛІ КЕБІСШЕ
Кірпікшелі кебісшенің тіршілігі, сыртқы құрылысы және қозғалуы. Көптеген кірпікшелі жәндіктер еркін жүзетіндіктен, сүйір денелі болып келеді. Солардың бірі – кірпікшелі кебісше. Кебісшенің пішіні расында да кебіске өте ұқсас. Оның бүкіл денесін жіңішке түк тәрізді өскін – кірпікшелер қаптап жатады. Бір ғана кебісшенің денесінде 10-15 мың кірпікше болады, осы кірпікшелердің әрқайсысы ескекше қимылдап, кебісше үздіксіз шапшаң қозғалады.
Кірпікшелі кебісшенің амеба немесе жасыл эвгленадан айырмашылығы: денесін жұқа, тығыз қабықша қаптайды. Қабықша майысқақ, иілімді болғандықтан, кебісше денесін еркін қозғап, әр түрлі қалыпқа келтіре алады. Кірпікшелілер тоқтау суларда, тоғанда, батпақты жердегі суларда кездеседі.
Кірпікшелі кебісшенің денесі өте күрделі бір жасушадан тұрады. Денесінің негізгі бөлігін цитоплазма толтырады да цитоплазманың ішінде бір үлкен және бір кішкене – екі ядро болады. Цитоплазманың сыртқы қабаты – тығыз қабықша, онда өте көп кірпікше өседі, ал ішкі қабаты сұйықтықтан тұрады. Кебісшенің алдыңғы жағы доғал, ал артқы жағы жалпақтау келіп, сүйірленеді. Оның қозғалып жүзуі де көңіл аударалық: кірпікшелер арқылы алға қарай жылжиды да бүкіл денесімен өз кіндігінен оңға қарай айналады.
Қоректенуі. Кірпікшелілердің негізі қорегі – бактериялар мен ұсақ ағзалар. Кебісшенің алдыңғы жағынан анықтап қараса, сопақшалау келген ойыс байқалады. Бұл - кебісшенің ауыз ойысы. Ауыз ойысы цитоплазмадан тар шұқырақ тәрізденген жұтқыншаққа жалғасады. Ауыз ойысындағы кірпікшелердің қимылымен судағы ұсақ тірі ағзалар және бактериялар кебісшенің жұтқыншағына қарай жылжиды. Қоректік зат цитоплазмаға түсісімен төңірегінде көпіршік түзіледі де асқорыту вакуоліне айналып, қоректі өзгеріске ұшыратады. Асқорыту сөліне оралған қорек түйірлері қорытылып, цитоплазмамен жайлап жылжиды да, қорытылмаған бөлігі денедегі тесік – қылаулатқыш арқылы сыртқа шығады.
Тыныс алуы және зәр шығаруы. Кірпікшелі кебісшенің тыныс алатын ерекше мүшесі жоқ, сондықтан бір ғана жасушадан тұратын денесіндегі жұқа қабықша арқылы өз айналасындағы суда еріген оттегін бүкіл денесіне сіңіріп, газ алмастырады, тыныс алады.
Кірпікшелі кебісшенің денесінде жиырылғыш, жұздызша тәрізді екі вакуоль айқын көрініп тұрады. Бұл вакуольдерге денедегі артық мөлшердегі сұйықтық жиналады. Вакуольдердің біреуі кебісше денесінің алдыңғы бөлігінде, екіншісі артқы жағында орналасады. Олардың мөлшері жинақталған сұйықтыққа байланысты, сондықтан көпіршіктің кейде пайда болып, кейде жойылып кетуі мүмкін. Кірпікшелі кебісшенің осы жиырылғыш вакуольдері зәр шығару қызметін атқарады.
Тітіркенгіштігі. Басқа біржасушалы жәндіктер тәрізді кірпікшелілер де сыртқы тітіркендірулерді қабылдап, оған тиісті жауап қайтарады. Олардың сезім мүшесінің қызметін кірпікшелері атқарады. Кірпікшелілер тітіркендіруге қимылын баяулату немесе тездету, сондай-ақ қимыл бағытын өзгерту арқылы әр түрлі әрекеттер жасайды.
Кірпікшелілер бөгде заттың жанасуына, ортадағы химиялық әсерге өте сезімтал, бірақ жарықты сезетін арнаулы органелласы болмайды.
Көбеюі. Кірпікшелілер қорегі мол болса, жазда көбеюге кіріседі. Көбею кезінде кірпікшелінің екі ядросы да біраз созылып, ортасынан қынала бастайды. Осы кезде кірпікшелі жәндік қоректенуін тоқтатады. Ядролар біртіндеп екі жартыға бөлінеді де, екі жаққа қарай таралады, сөйтіп жаңадан екі жасуша пайда болады. Әрбір жаңа жасушада жеке кірпікшенің жетімсіз мүшелері – жиырылғыш вакуоль, ауыз қуысы және басқалар түзіледі. Қолайлы жағдайда кірпікшелілер бірнеше жас ұрпақтар бере бөлініп көбейеді.
Циста түзуі. Суқоймалардың суы тартылған кезде кірпікшелілер де денесіне тығыс қабық түзіп, ұзақ уақыт қимылсыз жатады, бұл құбылыс кірпікшелілердің циста түзуі деп аталады. Цистада жатқан кірпікшеліні жел ұшырып, басқа суқоймаға түсіруі немесе бұрынғы орнына су толуы мүмкін, сондай кезеңде жәндік цистадан шығып, тіршілігін одан әрі жалғастырады.